Ағартушы-педагог, этнограф, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің Торғай жеріндегі тұңғыш қазақ мектебінің ашылуына 160 жыл, облыс орталығы Қостанай қаласындағы мектептің ашылуына 140 жыл толуына орай облыс әкімінің орынбасары Мұхаметқали Ринат Зәкиұлы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сүйіндікова Данагүл Жаппасбайқызының қатысуымен 2024 жылдың 13 қарашасында «Ы. Алтынсарин мұрасы: дәстүр мен инновация сабақтастығы» облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды.
Конференцияның басты мақсаты педагогтердің ғылыми-зерттеу және ғылыми-тәжірибелік жетістіктерін насихаттау, Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасын зерттеу, оның дәстүрлі білім беру жүйесіндегі орны мен ықпалын талқылау, сондай-ақ білім беру процесіндегі инновациялық әдістер мен жаңа технологияларды қолдану болды.
Іс-шараның пленарлық отырысында облысымыздың Ыбырайтанушы профессорлар мен жазушылар, педагогика саласындағы танымал тұлғалар Ы. Алтынсариннің білім беру саласындағы мұрасын және оның қазіргі заманғы маңыздылығын талқылады. Конференция барысында Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына арналған бірнеше баяндамалар ұсынылды.
Конференцияның екінші бөлімі секциялық жұмыстары Ы. Алтынсарин атындағы ММГИ-де өзара тәжірибе алмасып, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін таныстырды. Іс-шараның қорытындысы бойынша қатысушылар ғылыми-зерттеу жұмыстарын насихаттау дағдыларын дамытуға мүмкіндік алды.
Конференцияның маңызды бөлігі ретінде Ыбырай Алтынсариннің кесенесіне тағзым етіп, оның мұрасына құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шараның жалғасы Ыбырай Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық мұражайында «Алтын ұя - Алтынсарин мектебі» танымдық кешімен жалғасты.






































































































