5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай мектебімізде тілдің қадір-қасиетін дәріптеп, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған бірқатар танымдық әрі зияткерлік іс-шаралар ұйымдастырылды.
«Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы» танымдық сайысында 5–11 сынып оқушылары Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты білімдерін сынап, қызықты тапсырмалар орындады.
«Ұлт рухын ұлықтаған тұлға» көрмесінде оқушылар ұлт ұстазының өмірі мен мұрасымен танысып, қазақ тілінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесіне назар аударды.
«Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» сайысында 5–6 сынып оқушылары мақал-мәтелдерді жалғастырып, жұмбақтардың шешімін тауып, берілген сөздерден шығармашылық тапсырмалар құрастырды.
«Язык, великолепный наш язык!» зияткерлік квестінде 7–8 сынып оқушылары тіл мен әдебиетке қатысты білімдерін түрлі станцияларда сынап, командалық тапсырмаларды орындады.
«АХМЕТ CHALLENGE: Ой. Тіл. Ұлт.» заманауи интеллектуалды-шығармашылық челленджінде 9–10 сынып оқушылары Ахмет Байтұрсынұлының бүгінгі TikTok, Instagram және AI дәуіріндегі өмірі туралы ой қозғап, өздерінің креативті идеяларын ұсынды.
Тіл – ұлттың жаны. Тілді құрметтеу – тарихыңды тану, ұлттық мұраңды бағалау және болашағыңа жауапкершілікпен қарау.
Бүгінгі іс-шаралар оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, ана тіліміздің құндылығын сезінуге, ұлттық мұраны дәріптеуге және өз ойын еркін жеткізуге мүмкіндік берді.





























































































