Lesson Study – Сабақты зерттеу үдерісі.
2025 жылдың 10 ақпанында ағылшын тілі пәні мұғалімі Жусупова Жанерке Муратовна 5 «Б» сыныбында «Music and Musical Instruments» тақырыбында Lesson Study үдерісіне арналған екінші сабағын өткізді. Сабақ шығармашылық топпен бірге ұйымдастырылды.
Сабақтың басында психологикалық ахуал туғызу мақсатында, мұғалім оқушыларға әуен қосып, олардан көздерін жұмып, әуеннен не сезінгендерін, қандай ойлар келгенін сұрады. Бұл әдіс оқушылардың сабаққа терең енуіне көмектесті, сондай-ақ оларды сабаққа эмоционалды тұрғыда дайындады.
Сабақ барысында оқушылар музыка түрлерімен және музыкалық аспаптарымен танысты. Әрбір музыкалық аспаптың ерекшеліктері мен оның дыбысы туралы түсінік қалыптасты. Сонымен қатар, сабақ бойы сандық ресурстар мен креативті, шығармашыл тапсырмалар қолданылды, бұл оқушылардың қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытты. Оқушылар үшін мәнмәтіндік тапсырмамен жұмыс жасау маңызды болды, себебі олар музыкалық аспаптар мен музыка түрлерін өмірмен байланыстыра отырып, өздері үшін маңызы бар ақпараттарды меңгерді.
Сабақтың ең қызықты бөлімі – топтық жұмыс болды. Әрбір топ өздеріне ұнаған музыкалық аспапты жасап, оны қорғап шығу тапсырмасын алды. Бұл оқушылардың бірлесіп жұмыс істеу қабілетін арттырып, өз ойларын еркін жеткізуге мүмкіндік берді. Топ мүшелері бір-бірімен үйлесімді жұмыс істеп, өз идеяларын ашық білдіре алды.
Оқушылар сабақ барысында үлкен қызығушылық танытып, тапсырмаларды белсенді әрі шапшаң орындады. Олар музыка және музыкалық аспаптар туралы терең білім алып, әрбір тапсырмада өздерінің дағдылары мен білімдерін шыңдай түсті.






































































































